Меню KDT

Новости

Главная Новости

ӘСЕЛДІҢ МЕКТЕБІ

Әсел Есжанова – Көкшетау қаласының тумасы. 2009 жылы Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін ағылшын тілі пәні мамандығы бойынша тамамдаған. Талапты қыз студенттік кезден жұмыс істеп, бірқатар мектептер мен курстарда дәріс оқыған. “Білім – таусылмайтын кен” деген нақыл сөздің мағынасына терең бойлаған бойжеткен білім көкжиегін одан әрі кеңейтуге ден қояды. Осы мақсатпен аталған білім ошағындағы экономика және бизнес магистрі мамандығына оқуға түсіп, оны қызыл дипломға бітіреді. Осылайша, ұстаздық пен кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныққан ол 2010 жылы Петропавл қаласына келіп, нарықты зерттеп, ағылшын тілі курсын ашуға бекінеді. Өйткені, бұл кездері облыс орталығында мұндай курстар болмапты. Сөйтіп, тапқан-таянған 80 мың теңге қаражатымен бизнесін бастаған бұрымды кәсіпкер бүгінде сол жылдары тәуекелге бел буғанына риза.

– “Light way” тіл үйрету орталығын ашу үшін қаладағы бір ғимараттың төрт кабинетін жалдап, төрт ұстаз және бір әкімшіні жұмысқа алдым. Содан кейін жарнама жасау жұмыстарын тындыру керек болды. Жасыратыны жоқ, қарыз мәселесіне келгенде, үрейленбедім деп айта алмаймын. Өйткені, бұл мен үшін алғашқы тәжірибе еді. Десе де, орталықты қараша айында ашып, сәуірде қарыздан толық құтылдым, – дейді Әсел Тілеубайқызы.

Орталық ашылғаннан бері мұнда шет тілін меңгеріп, өзге елдің мәдениетімен танысуға құштар жастардың қарасы үзілген емес. Кәсіпкерлік әлеміне басқан қадамы құтты болып, бір жылдың ішінде бір миллион теңге жинаған кәсіпкер 2012 жылы ұжымымен “Медеу” сауда үйіне көшіп, келесі жылы “Норд Азия”, одан кейін “ЦУМ” сауда үйлерінде курс ашқан. Оқытушылар кәсіпкердің өзі жасаған бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Ағылшын тілін үйрету әдістемесін ол үшінші курста оқып жүргенінде құрастыра бастапты. “Тәжірибелі ұстазым Айман Әубәкірованың ақыл-кеңесі өлшеусіз. Университет қабырғасында курстық, дипломдық жұмыстарды жазған кезде ұстазымның білім беру әдістемесін негізге алдым. Оны тәжірибемде жеті жыл бойы қолданып, өзгерістер енгізіп, оқытушыларға шеберлік сағаттарын өткіздім”, – дейді Әсел.

Өткен жылы жерлесіміз облыс орталығында “Өзінше” білім беру үйін ашты. Интерьері де, оқыту әдістемесі де өзгеше мекеме “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы ашылған. Қордың облыстық филиалының мамандары кәсіпкерге бизнес-жоспар құруға көмектесіп, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында “Цесна банк” акционерлік қоғамының облыстық филиалынан 5 миллион теңге несие ресімдегенінше қолдау білдірген. Бұл қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз, компьютер, конструктор сатып алынған. Бүгінде білім беру үйі қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйрету, робот құрастыру, бейнелеу мен шешендік өнерге баулу сияқты жиырма бағыт бойынша қызмет көрсететін мекемеде 27 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақысы – 100 мың теңге. Кәсіпкер қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Өйткені, білім беру үйінің абыройының асқақтауы, ең алдымен, ұстаздарға байланысты.

– Жеткіншектерге өңіріміздің белгілі ұстаздары – Евгения Джамачалова мен Шынар Аманжолқызы сабақ береді. Біріншісі балаларға сурет салуды үйретсе, екіншісі жастардың “IElTS” сынағынан сүрінбеуі үшін ағылшын тілінен дәріс оқиды. Жақында Шынар Аманжолқызын “Селта” сертификатын алу үшін Алматыға оқуға жібереміз. Өңірімізде мұндай сертификаты бар ұстаздар жоқ. Қысқасы, әлемде білім сапасының деңгейін арттыруға бағытталған қандай жаңашылдық болса, соны жұмысымызға енгізудеміз, – дейді жас кәсіпкер.

Білім беру үйінде оқу абонементінің бағасы ата-аналарға қолжетімді. Оқушылардың да қадамы жемісті. Мәселен, “Арт студио” үйірмесіне қатысушы Даниал Нұртаев бейнелеу өнерінен “Родные просторы” атты халықаралық сайыста жеңімпаз атанды. Ал робототехника курсының кіші тобының мүшелері “KazRoboSport – 2018” біріншілігінің өңірлік кезеңінде топ жарды. Орталықтың өзі де түрлі шараларға бастамашы болуда. Жақында Назарбаев Зияткерлік мектебінде кубик-рубикті жылдам жинаудан “Куб” қалалық сайысын ұйымдастырды. Сондай-ақ, Спорт сарайында төрт бағыт бойынша жарыс өткізсе, “City Mall” сауда үйінде “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының қызметкерлерімен бірлесіп, қайырымдылық байқауының өтуіне атсалысты.

Әсел Есжанова алдағы уақытта ІТ индустрия саласына ерекше көңіл бөліп, жаңа жобалардың тұсауын кеспек. Мәселен, “Бас қосу” жобасының аясында дәмханада жиналып, қазақ тілін еркін үйрету жоспарланған. Сондай-ақ, кәсіпкер үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында білім беру үйін ашуды көздеп отыр.


Посмотреть новость на сайте учреждения

Вернуться к списку новостей

Комментарии


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь

Обсуждение не найдено