ҰБТ-2018: Ең ерекше шпаргалка жасаған түлек министрлікті таңғалдырды
ҰБТ тапсыруға кірген түлектердің бірі химия пәнінің формуласын минерал су құтысының қағаз жапсырмасына жазған, формулаларды ол су құрамы жазылған мәтіннің арасына жасырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ОКҚ брифингінде айтып берді.
"Біз ең ерекше шпаргалкалардың тізімін жасаймыз. Биылғы бірінші орын - минерал судың жапсырма қағазындағы мәтін арасына формула жазып әкелген бала. Өздеріңіз білетіндей, минерал суды ҰБТ-ға алып кіруге рұқсат берілген. Су құрамы жазылатын мәтіннің арасында түлек химиядан қажетті формуласын жазып алыпты", - деді Әлімқұлов.
Оның айтуынша, түлектің мұндай тапқырлығы Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлерін қуантқан. "Бұл функционалдық сауаттылық деңгейінің жоғары екенін растап отыр, жыл сайын функционалдық сауаттылықты бағалауға арналған сұрақтар көбейіп жатыр, яғни логикалық ойлау, сараптау және білімді тәжірибеде қолдану. Осыған байланысты бұл дерек біздің бейресми рейтингімізде бірінші орында. Осы тапқырлығымен көзге түскен адамға техникалық ғылымдарды таңдауға кеңес береміз. Осындай қасиетімен ол елімізге көп пайда әкеле алады", - деді ол.
Ал мұның алдында елімізде 59 мыңға жуық түлектің ҰБТ тапсырып үлгергені хабарланған. Үш күннің қорытындысы бойынша ең жоғары балл - 139, республика бойынша ортала деңгейі - 83 балл "Үш күннің ішінде ҰБТ тапсыруға 61 098 өтінім тіркелді, оның ігінде 58 967-сі тапсырды, бұл 96,5 пайызы. ҰБТ тапсыру дерегі өткен жылмен салыстырғанда өсіп отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 95 пайыз еді. Шектік деңгейден 50 468 адам немесе 85,6 пайызы өтті. Өткен жылмен салыстырғанд 1,5 пайызға өсім байқалып отыр, өткен жылы 84 пайыз еді", - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ОКҚ брифингінде. Оның айтуынша, шектік деңгейден 8 499 қатысушы немесе 14,4 пайызы өте алмаған.
"Республика бойынша орташа балл - 83. Өткен жылы орташа балл 80 еді, деңгей нақты үш пайызға өсті. Максималдық балл - 139. Өкінішке қарай, әлі ешкім 140 балла жинаған жоқ. Жоғары балл алатын түлек табылады деп сенемін. 130-139 балл алғандардың саны еліміз бойынша - 704", - деп атап өтті ол. Әлімқұловтың айтуынша, биыл тұңғыш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға болады. Бұл тілде тапсырғандардың саны 46 болған. Қазіргі уақытта жеті түлек тапсырған, оның үшеуі Астанада, біреуі Алматыда, тағы біреуі Қостанайда. Орташа балл 83. "Нәтижесі жойылғандардың саны үшеуге жетті, өткен жылы осы уақытта 10 адамның нәтижесі жойылған еді", - деді ол.
Айта кетейік, ҰБТ елімізде осымен 15-ші рет өтіп жатыр. 2017 жылдан бастап тестілеу форматы өзгергенін айта кетейік. Енді сынақ жоғары оқу орындарына түсуге емтихан әрі білім беру гранттарын алу механизмі ретінде қарастырылады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың айтуынша, биыл тестілеудің форматында сол күйінде қалады, тек тапсырушыларға қолайлы болуы үшін аздаған өзгеріс енгізілген.
Айта кетейік, биыл тестілеу 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. "ҰБТ-ның биылғы өту тәртібі мен құрылымы өткен жылмен салыстырғанда, әзірге түбегейлі өзгеріске ұшыраған жоқ. Жуық арада Білім және ғылым министрлігі аса қатты өзгеріс енгізбейді деп үміттенеміз. Олай болмаған жағдайда, оқушылар мен ата-аналарды стресс жағдайына түсіруі мүмкін", - деген еді министр.
Айта кетейік, өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміздің 165 ҰБТ өткізу пункттерінде 2017 жылдың 20-27 маусымы аралығында жаңа форматта өткізілді. ҰБТ-ға қатысуға 10 (11) сыныптардың 92 827 түлегі өтініш беріп, олардың 67 627 (76,3 пайыз) қазақ тілінде және 20 968 (23,6 пайыз) орыс тілінде тапсыруға өтініш берген. Факт бойынша, 88 583 адам тестілеуге қатысып, өтініш берушілердің 95,4 пайыз құрады.