Қас қағым сәттей болып зулап өткен он күндік лагеріміз де өз мәресіне жетті. Мектеп жанындағы сауықтыру лагерінің жабылу салтанатына балалар мен тәрбиешілер тиянақты дайындалып, күнімізді ерекше көңіл-күйде бастадық. Күнделікті таңғы жаттығулар мен пайдалы астан соң, балалар елеулі оқиғалар мен ерекше бағдарламаларды естеріне алып, қағаз бетіне түсірді. Өздерінің салған суреттерін жинақтап постер жасап, бастауыш бөлімнің арнайы тақтасына ілген балалар назарына фото суреттер де ұсынылды. Көрмедегі суреттер мен фотоларды тамашалауға жиналған бүлдіршіндерге арнап, шағын музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды. Әр топ арасынан шыққан бишілер мен әншілер ортаға шығып мың бұрала билеп, ән салды.
«Балауса-2018ж» жазғы лагерінің жабылу салтанаты мектеп ауласында ерекше сән-салтанаты мен ойын-сауықты бағдарламасы негізінде ұйымдастырылды. Әр топқа өз ерекшелігіне сай мадақтама беріліп, алғыс жарияланды. Көңілді ертегі кейіпкерлері қатысушыларға тәтті сыйлықтар мен естеліктер таратып, би билетіп, ойындар ойнатты. Балаларының демалыс кезеңін ерекше көңілді ұйымдастыра білген ұжымға риза болған ата-аналар өз тарапынан ілтипат білдіріп, алғыс хат ұсынды.
Сонымен қатар, Щучинск аумағында орналасқан «Discovery-Borovoe» жазғы лагеріне аттанған демалушыларымыз да үйлеріне ерекше көңіл-күйде оралды. Жайлы орта, сұлу табиғат пен көңілді отрядтарда демалып келеген балаларды туыстарымен бірге мектебіміздің әлеуметтік педагогы қарсы алды.