Комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Жоғары оқу орындары қауымдастығының, ҚР БҒМ Білім және ғылым, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің, педагогикалық қауымдастықтың өкілдері кіреді. ҰБТ нәтижесі бойынша биыл 75 мың түлек межелі балды жинаған. Мемлекет 53 594 түлекке тегін білім алуға мүмкіндік жасап отыр. Оның ішінде, 50 944 грант 1 курса түсетіндерге болса, 2650 орын – жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне бөлінді. Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы, профессор Рахман Алшанов былтырғыға қарағанда елімізде оқығысы келетіндердің саны әлдеқайда артқанын, оның ішінде 75%-ы қазақ мектебін бітірген түлектер екендігін атап өтті.
«Болашақта мектеп бітірген түлектердің барлығы 1 курсқа қабылданатын болады. Ал, 2-3 курстарда шетелдегідей сапасына қарай қысқартылады. Сондай-ақ, қазір ауыл шаруашылығы мамандықтарына гранттардың 30%-ы ауылдан келген түлектерге берілсе, 70%-ы барлық қатысушыларға бөлінген. Ал, алдағы уақытта керісінше, 70%-ын ауылда бітірген түлектерге беруді қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, былтыр колледж бітірген студенттер барлық пәндерден КТ тапсыратын еді, биыл саны 2 пәнге түсті. Болашақта мұндай мүлде болмайды» — деп, алдағы уақытта болатын өзгерістермен де бөлісті.