Құжаттарды қабылдау 30 тамызға дейін жүргізіледі.
Аталған қызмет e.astana.kz электрондық қызметтер порталында көрсетіледі. Өтініш қалдыру үшін, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет етіледі.
Портал 24/7 режимінде жұмыс істейді, сондықтан ата-аналар үйде немесе жұмыста отырып берілген қызметті ешбір кедергісіз қолдана алады.
Өтінішті тіркеу үшін e.astana.kz сайтына кіріп, байланыс және басқа да қажетті деректерді толтырып, тиісті құжаттардың сканерленген көшірмелерін тіркеу керек.
Мектепке қабылдау, не қабылдамау бойынша ақпарат 5 жұмыс күні ішінде жеке кабинетке және толтырылған байланыс көздеріне жіберіледі (пошта, телефон). Жүйе Сіздің құжаттарыңызды екі жағдайда қабылдамауы мүмкін: егер құжаттар толық тіркелмесе және егер нақты оқылмайтын сканерлеу көшірмелерін ұсынған жағдайда. Білім мекемесіне ресми тіркелу барысында мектепке барып құжаттардың түпнұсқаларын тапсыру қажет.
Жүйе шағын аудан немесе ата-аналардың қалауы бойынша мектепті таңдауға мүмкіндік береді. Мектепті шағын аудан бойынша таңдамаған жағдайда, ата-аналар қалаған ұйымдардағы бос орындардың санын көре алады, өз кезегінде бұл олар үшін өз таңдауын уақытында түзетуге мүмкіндік береді.
Бұл электронды қабылдау жүйесі ата-аналардың қолайлығы үшін жасалған болатын. Сонымен бірге елордалық тұрғындар құжаттарды мектепке қағаз жүзінде де тапсыра алады.
Сізде компьютер немесе интернет желісі жоқ болған жағдайда, ЭЦҚ кілтіңізбен бірге жақын орналасқан мектепке келіп көмек алсаңыз болады. Ал егер ЭЦҚ кілті жоқ болса, құжатты қағаз жүзінде тапсыруға болады.
Қажет болатын құжаттар тізімі:
1) ата-аналардан немесе баланың басқа заңды өкілдерінен түскен өтініш (құжаттарды қағаз жүзінде тапсырған жағдайда);
2) баланың туу туралы куәліктің көшірмесі;
3) денсаулық жағдайы туралы анықтама (026 / у-3 формасы);
4) 3x4 фотосурет 2 дана.
Мектеп 6 және 7 жастағы балаларды қабылдайды, дегенмен осы жылы яғни, 31 желтоқсанға дейін қоса алғанда 6 жасқа толатын балаларды да қабылдау мүмкіндігі бар екендігін ескертеміз.