Осыған дейін баланы мемлекеттік балабақшаға орналастыру қиын болды. "2020 жылы балабақша мәселесі түбегейлі шешіледі" деген Білім және ғылым министрлігінің сөзіне ата-аналар онша сенбеді. Биыл балабақшаға жолдама берудің жолы автоматтандыру арқылы өзгерді.
Кейбір әке-шеше баласын мектепке дейінгі ұйымға орналастырып үлгерсе, енді бірі жолдаманы қалай аларын білмей дал боп жүр. Кезекке қарап үңіліп, ішінен түңіліп жүр.
Негізі әр өңірдегі Білім басқармасы белгілеген күні сайтқа кіріп, таңдаған балабақшаға орналастыра аласыз. Міне, ол күнді қайдан білуге болады? Сонда сайт арқылы балабақшаны қалай таңдайды? Ғаламтор жоқ болса, не онымен жұмыс істей алмайтындар не істейді? Неге балабақша бағасы қымбаттап кетті? Бірге қарастырайық.
Өзгеріс – жүйеге төңкеріс
Жаңартылған жүйеге сәйкес, әрбір ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығына барып, электронды цифрлы қолтаңба алуы керек. Сол арқылы әр өңірдің білім басқармасы ашқан сайтқа кіреді. Онда балаңыз жайлы мәліметтерді толтырып, өз телефон нөміріңіз бен электронды поштаңызды қалдырасыз. Оған кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберіледі.
Егер жеңілдік санатына жататын болса, оны да көрсету қажет. Өйткені, балабақшадағы орын ең бірінші жеңілдік иелеріне беріледі. Бұл жүйеде бос орындары бар мемлекеттік немесе жеке балабақшалар туралы мәліметтер тұрады.
Бұған дейін азаматтардың өтініштерін электронды түрде қабылдау мүмкіндігі болмаған. Бұл қызмет ата-аналар үшін Білім басқармасына барып, құжат тапсыру арқылы жүзеге асырылған еді. Қазір интернетке кіріп, түртіп жіберсеңіз болғаны.
Сонымен не істеу керек? Бұл сұрақты Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Жанар Есімбековаға қойдық.
Біріншіден, сізге балабақшадан орын берілгендігі туралы хабарлама келсе, дереу үйіңізге жақынын немесе ел мақтап жүрген балабақшаны таңдайсыз. Бұрын хабарлама келгеннен кейін балабақшадағы орын бес күнге дейін сақталатын. Ал қазір таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін жолдаманы қабылдауға тырысыңыз. Таңдауға 11 сағат қана беріледі. Әйтпесе, сізге ұнаған балабақшада бала саны шектеулі болуы мүмкін. Себебі, бос орны бар балабақшалар тізімін жүйеде кезекте тұрғандардың барлығы көре алады.
Балабақшаны таңдамасаңыз, балаңыз кезекте тұра береді. Хабарлама келмеген күннің өзінде жүйеге кіріп, таңдау тетігінің ашылған, ашылмағанына көз жеткізіп тұру керек.
Екіншіден, бұрынғыдай кезектің реттік саны маңызды емес. Кім бірінші балабақшаны таңдайды, соған беріледі. Мейлі 8000-шы болып кезекте тұрсаңыз да, бос орын болса, балаңызды орналастыра аласыз. Ұнаған мекемені таңдағаннан кейін, сізге жолдама беріледі. Бес жұмыс күн ішінде сол балабақшаға баруыңыз керек. Бұл аралықта бармасаңыз кезегіңіз бұғатталады, бірақ жойылмайды. Ары қарай, жеке кабинетте "Бұғатты ашу" батырмасын басып, бұғатты ашуыңызға болады.
Есіңізде болсын: Балабақшаға екі мәрте жолдама беріліп, тағы да жоғарыдағы жағдайды қайталасаңыз, баланы автоматты түрде кезектен алып тастайды. Одан кейін жолдама алғаннан кейін бес жұмыс күн ішінде тағы да балабақшаға бармасаңыз, балаңызды мүлдем мемлекеттік балабақшаға орналастыра алмайтын боласыз.
Ал, керісінше, хабарлама келгеннен кейін себеппен бес жұмыс күн ішінде балабақшадан орын алмасаңыз, күнтізбелік 14 немесе 30 күнге дейін ұзарта аласыз.
