Меню KDT

Новости

Главная Новости

Балабақшаға қабылдау тәртібі өзгергелі бағасы да қымбаттады

Осыған дейін баланы мемлекеттік балабақшаға орналастыру қиын болды. "2020 жылы балабақша мәселесі түбегейлі шешіледі" деген Білім және ғылым министрлігінің сөзіне ата-аналар онша сенбеді. Биыл балабақшаға жолдама берудің жолы автоматтандыру арқылы өзгерді.

Кейбір әке-шеше баласын мектепке дейінгі ұйымға орналастырып үлгерсе, енді бірі жолдаманы қалай аларын білмей дал боп жүр. Кезекке қарап үңіліп, ішінен түңіліп жүр.

Негізі әр өңірдегі Білім басқармасы белгілеген күні сайтқа кіріп, таңдаған балабақшаға орналастыра аласыз. Міне, ол күнді қайдан білуге болады? Сонда сайт арқылы балабақшаны қалай таңдайды? Ғаламтор жоқ болса, не онымен жұмыс істей алмайтындар не істейді? Неге балабақша бағасы қымбаттап кетті? Бірге қарастырайық.

Өзгеріс – жүйеге төңкеріс

Жаңартылған жүйеге сәйкес, әрбір ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығына барып, электронды цифрлы қолтаңба алуы керек. Сол арқылы әр өңірдің білім басқармасы ашқан сайтқа кіреді. Онда балаңыз жайлы мәліметтерді толтырып, өз телефон нөміріңіз бен электронды поштаңызды қалдырасыз. Оған кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберіледі.

Егер жеңілдік санатына жататын болса, оны да көрсету қажет. Өйткені, балабақшадағы орын ең бірінші жеңілдік иелеріне беріледі. Бұл жүйеде бос орындары бар мемлекеттік немесе жеке балабақшалар туралы мәліметтер тұрады.

Бұған дейін азаматтардың өтініштерін электронды түрде қабылдау мүмкіндігі болмаған. Бұл қызмет ата-аналар үшін Білім басқармасына барып, құжат тапсыру арқылы жүзеге асырылған еді. Қазір интернетке кіріп, түртіп жіберсеңіз болғаны.

Сонымен не істеу керек? Бұл сұрақты Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Жанар Есімбековаға қойдық.

Біріншіден, сізге балабақшадан орын берілгендігі туралы хабарлама келсе, дереу үйіңізге жақынын немесе ел мақтап жүрген балабақшаны таңдайсыз. Бұрын хабарлама келгеннен кейін балабақшадағы орын бес күнге дейін сақталатын. Ал қазір таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін жолдаманы қабылдауға тырысыңыз. Таңдауға 11 сағат қана беріледі. Әйтпесе, сізге ұнаған балабақшада бала саны шектеулі болуы мүмкін. Себебі, бос орны бар балабақшалар тізімін жүйеде кезекте тұрғандардың барлығы көре алады.

Балабақшаны таңдамасаңыз, балаңыз кезекте тұра береді. Хабарлама келмеген күннің өзінде жүйеге кіріп, таңдау тетігінің ашылған, ашылмағанына көз жеткізіп тұру керек.

Екіншіден, бұрынғыдай кезектің реттік саны маңызды емес. Кім бірінші балабақшаны таңдайды, соған беріледі. Мейлі 8000-шы болып кезекте тұрсаңыз да, бос орын болса, балаңызды орналастыра аласыз. Ұнаған мекемені таңдағаннан кейін, сізге жолдама беріледі. Бес жұмыс күн ішінде сол балабақшаға баруыңыз керек. Бұл аралықта бармасаңыз кезегіңіз бұғатталады, бірақ жойылмайды. Ары қарай, жеке кабинетте "Бұғатты ашу" батырмасын басып, бұғатты ашуыңызға болады.

Есіңізде болсын: Балабақшаға екі мәрте жолдама беріліп, тағы да жоғарыдағы жағдайды қайталасаңыз, баланы автоматты түрде кезектен алып тастайды. Одан кейін жолдама алғаннан кейін бес жұмыс күн ішінде тағы да балабақшаға бармасаңыз, балаңызды мүлдем мемлекеттік балабақшаға орналастыра алмайтын боласыз.

Ал, керісінше, хабарлама келгеннен кейін себеппен бес жұмыс күн ішінде балабақшадан орын алмасаңыз, күнтізбелік 14 немесе 30 күнге дейін ұзарта аласыз.

Балабақшадан тек жазда ғана емес, жыл бойы орын алуға болады

– Көбісі мектепке дейінгі ұйымнан орын тек көктем мен жазда ғана болады деп ойлайды. Мысалы, балабақшадан 100 орын босады делік. Жергілікті білім басқармалары дереу 100 адамға хабарлама жібереді. Оның 80 адамы ғана балабақшадан орын алуға келісуі мүмкін. Кейбірі баласын үйде баққанды жөн санайды. Сондайда 20 орын бос қалады емес пе? Тағы да хабарлама жіберіледі. Жүйеге құжаттарды тіркегенде, дұрыс болмаса автоматты түрде білім басқармаларына қате көрініптұрады. Телефон нөмірді жазғанда абай болыңыз! Дұрыс жазылмаса, екінші рет қайтадан түзетілмейді, – дейді Жанар Есімбекова.

Жеңілдік санатына жататындарға балабақша бірінші беріледі

Кезектен тыс жолдама алатындардың тізімі төмендегідей:

  • Әскери қызметкерлердің балалары;
  • Мүгедек балалар;
  • Ата-ананың қарауынсыз қалғандар;
  • Жетімдер;
  • Көп балалы отбасынан шыққан балалар;
  • Ерекше күтім мен білімді қажет ететіндер жолдаманы "үштен бір" қағидасы бойынша алады, яғни жеңілдік иесі мен жалпы кезектегі үш өтініш берушіге қатарынан беріледі. Осы тізімде болсаңыз, растайтын құжаттардың сканерленген нұсқасын жеке кабинетіңіз арқылы жүктейсіз.

Назар аударыңыз! Egov.kz сайты арқылы жеңілдік санатындағы кезек көрінбейді. Сондықтан, өз өңіріңіздегі білім басқармасы нұсқаған сайтқа кіру керек.

Жаңа жүйе жеті жасқа толғандарды кезектен шығарады

Ата-ана жыл бойы балабақшаны таңдамаса, бала кезектен шығарылады. Одан кейін босқа байбалам салудың қажеті жоқ.

Жеті жасқа толғаннан кейін бала балабақшаны не қылсын? Әрине, сабаққа баратын жасқа таяғандықтан кезектен автоматты түрде шығарып тастайды.

Бала туған жылына сәйкес бірыңғай қалалық кезекке тұрғызылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, нақты кезек болмайды. Өтініш берген күннен бастап кезекке қоя беріңіз. Яғни, баланың туған жылына немесе кезекте тұрған орнына байланысты емес. Кез келген ата-ана 11 сағат өткеннен кейін бос орынды белгілеп, жолдама алуға мүмкіндігі бар. Туған күндері қазан, қараша айларына сәйкес келетін балаларды басқару жүйесі автоматты түрде келесі жылға қалдырады.

Жолдаманы жылдам алғыңыз келсе, "Статистика" бөлімін қарау керек

– Баламызды балабақшаға орналастыру үшін жүйеде өзгеріс болатынын алдын ала естідік. Оған үш күн берілді. Бірақ, балабақшаны таңдау тетігі іске қосылмады. Хабарлама келгендер бірден мектепке дейінгі ұйымға барса, орын дайын тұрды. Ал, ешқандай SMS те, хат та алмағандар түні бойы компьютер алдында телміріп отырды. Бос орын қай уақытта бөлінетінін нақты ешкім білмейді. Жолы болғандар мен жүйені аңдығандар балабақшадағы орынды ала алды, – дейді ата-ана Айзада Палуанова.

Биыл 2-ші сәуір күні Астанада балабақша таңдауға үш күн уақыт берілді. Бірақ, төртінші күні ғана хабарлама келмегендерге мектепке дейінгі ұйымнан орын бұйырды. Тіпті балаңыз кезекте 14-мыңыншы болып тұрса да, мемлекеттік балабақшадан орын аласыз. Ол үшін сайтты қайта-қайта қарап, таңдау тетігінің іске қосылғанын жіберіп алмау керек.

E.astana.kz жүйесінде жеке кабинетке кірген кезде "Статистика" бөлімі мен бос орынды тіркеу күніне назар салыңыз. Бұл бөлімнен балабақша бойынша бос орын санын көуге болады.

Елорданың Білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанованың айтуынша, тіркеу күні мен статусына да қарау керек.

– Мысалы, 3 тамызда мемлекеттік №10 балабақшасына 100 орын бөлінді. Енді ата-анаға таңдауға үш күн береміз. Төртінші күні сұраныс болмаған орын кез келген адамға бұйыруы мүмкін. Статуста орынның бос екені жазылып тұрады. Сондай-ақ, балабақшаның орналасқан жерін мұқият таңдауды сұраймыз, – деді ол.

Астана қаласы бойынша жолдама алу жолына тоқталайық

  1. e.astana.kz ішкі жүйесінің бастапқы бетіне кіріңіз.
  2. Өтініш берушінің ЭЦҚ (AUTH_RSA) кілті арқылы жеке кабинетке кіру қажет.
  3. Кезекке тұру немесе кезектің ретін көру үшін e.astana.kz порталының басты бетіндегі мәзірден "Білім беру басқармасы" бөліміне өтіңіз.
  4. Ары қарай "Мектепке дейінгі ұйымдарға мектепке дейінгі жастағы балаларды (7 жасқа дейінгі) кезекке қою" қызметін таңдап, "Қарау" батырмасын басыңыз.
  5. Ары қарай "Мектепке дейінгі ұйымдардағы "Балабақшаны таңдау" батырмасын басыңыз.
  6. "Балабақшаны таңдау" батырмасы мектепке дейінгі ұйымдарда бос орындар болған жағдайда ғана пайда болады.

Мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаға жолдаманы мына жағдайда ала аласыз:

  • Бала мектепке дейінгі ұйымға жолдама алуға кезекте тұрса;
  • Бала 3 жаста немесе одан үлкен болса;
  • Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жеке балабақшаларда бос орындар болса.

Жекеменшік балабақшаны таңдасаңыз, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу кезегіңіз сақталады.

Яғни, "Балабақшаны таңдау" батырмасы мектепке дейінгі ұйымдарда бос орын болған жағдайда және бала 3 жасқа толған кезде ғана көрінеді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жеке балабақшада бос орындар болса "Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жеке балабақшаны таңдау" батырмасы пайда болады. Балабақшаны таңдау үшін көрсетілген батырманы басыңыз. Пайда болған тізімнен қолайлы деген балабақшаны таңдаңыз.

Шағын орталыққа жолдама алу үшін:

"Мемлекеттік шағын орталықты таңдау" батырмасы мектепке дейінгі ұйымдарда бос орындар болса, баланың жасы 4-тен жоғары болса пайда болады.

Ауылда балабақшаға жолдама алу үшін:

"Ауылдық үлгідегі балабақшаға жолдама алу" батырмасы Сіздің кезегіңіз келсе, мектепке дейінгі ұйымдарда бос орындар болған жағдайда, баланың жасы 2-ден жоғары болған жағдайда пайда болады.

Ауылдық балабақшаларда бос орын болса "Ауылдық мектепке дейінгі ұйымды таңдау" батырмасы пайда болады. Соны басып, тізімнен баланы апаруға қолайлы балабақшаны таңдаңыз.

Ескерер тұс: Ауылдық үлгідегі балабақшаны таңдағанда кезектен автоматты түрде шығып қаласыз.

Енді тізімнен қажетті балабақшаны таңдаймыз

Соңғы қадамда "Қол қою және жіберу" батырмасын басып, ЭСҚ сертификатын жүктеңіз (RSA).

Ары қарай "Шығыс құжаттары" дегенді басса, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қарап, жеке балабақшаға жолдаманы жүктеуге болады.

Есіңізде сақтаңыз! Жолдаманы алғаннан кейін 5 күн ішінде мектепке дейінгі ұйымға апару қажет.

Биылдан бастап 18:00-ден 19:00-ге дейін балабақшада ақылы түрде қалдыра тұруға болады

Жұмыс уақыты болғандықтан ата-аналар баласын мектепке дейінгі ұйымнан 18:00-де алып кете алмайды. Ал, бұл – тәрбиешінің жұмыс уақыты аяқталған кез. Екі жақты келісімге келу мақсатында қосымша ақы төлесе, 19:00-ге дейін оны создыруға болады. Ол үшін бір айға 2000 теңге төлеп қойсаңыз болғаны. Бірақ, бұл екі жастан енді асқандар мен үшке толмағандарға арналмаған.

– Баламды балабақшадан барынша ерте әкетуге тырысамын. Өйткені, бір бала үйіне қайтса, қалғандары да ата-анасын күтіп отырады. Ал, ең соңында қалып қойса, өзін ешкімге керегі жоқ сияқты сезініп, жылай бастайды, – дейді Айзада Палуанова. Тағы бір ата-ана Жансая Жадраеваның айтуынша, жұмыстан босай сала балабақшаға асыққанымен 19:00-де әупірімдеп жетеді. 20:00-ге дейін ақылы түрде уақытты ұзартса екен деген өтініші бар.

Барлық балабақшада бейнебақылау камералары орнатылады

29 тамыз күні Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстанның барлық балабақшасында бейнекамера орнатылатынын айтты. Ол үшін арнайы құжаттар дайындалып жатқан көрінеді. Бұл ұсыныс Теміртауда кішкентай баланы тұншықтырған тәрбиешінің әрекетінен кейін түскен.

Мектепке дейінгі мекемелерде ақылы қызметке рұқсат берілді

Осыған дейін қосымша ақы төлейтін үйірмелерге тыйым салынған болатын. Енді ата-ана өтініш жазып, келісім-шартқа отырғаннан кейін балаға ақылы қызмет көрсетіле бастайды. Елордада олардың бағасы шамамен 1500-4500 теңге.

Бұл – республика бойынша бекітілген баға

Бұл – республика бойынша бекітілген баға / Елордадағы "Аққу" балабақшаның жеке мұрағатынан алынды

– Хореография сабақтарына айына 1500 теңге, шет тілдері 2500 теңге шамасында төлейсіз. Ал спорттық үйірмелердің бағасы одан қымбаттырақ. Өйткені, сырттан жаттықтырушыларды тартып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу керек. Балалардың әке-шешелері балабақша меңгерушісімен келісе отырып, бүлдіршіндерге қажетті деп тапқан үйірмені енгізуге ұсыныс жасайды, – дейді Астананың Білім басқарма басшысы Әнуар Жанғозин.

Мамандарды сырттан да, балабақша ішінен де табуға болады. Өздеріңіз де білесіздер, балабақша қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз. Жалақылары 40-60 мыңның төңірегі. Тәрбиеші, меңгерушілерге де стимул жасау үшін қосымша ақыны қайтадан іске қосты.

Балабақша бағасы ең қымбат қала – Астана

Балабақша мен дамыту орталықтары ең қымбат өңірлердің қатарында Астана (бір баруына 1862 теңге), Алматы (1666 теңге) және Шымкент (1023 теңге) қалалары бар. Жалпы 2018 жылдың II жартысында мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызмет түрлері 84 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,2 пайызға көп.

Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, тамызда ата-аналар мектепке дейінгі мекемеге бір күн үшін орташа есеппен 823 теңге төлеген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,1 пайызға жоғары.

Шымкент қаласының білім басқармасы балабақшаның қымбаттағанын азық-түліктің қымбаттағанымен түсіндірді

Шымкент қаласының білім басқармасы балабақшаның бағасының өсуін азық-түліктің қымбаттағанымен түсіндірді / Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің жеке мұрағатынан алынды

Жолдама алу үшін қандай құжат тапсыру керек?

  1. Өтініш;
  2. Баланың туу туралы куәлігі (Қазір бала туа салысымен жүйеге енгізіп қойғандықтан мәліметтер бірден көрініп тұрады)
  3. Ата-аналарының жеке куәліктері;
  4. Жеңілдікті растайтын құжаттардың сканерленген нұсқасын жеке кабинетке бекітіп қою керек.

Ескерту: Құжаттардың көлемі 1 МБ-тан аспауы керек.



Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь

Обсуждение не найдено