Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев моңғолиялық бүркітші қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті. Жиында Айшолпанның білімін Қазақстанда жетілдіру мүмкіндігі талқыланды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Ерлан Сағадиев те бұл ұсынысты қолдайтынын, өзінің де Гарвард университетінде оқығанын айтты. Министр Гарвард сияқты шетелдік білім ордасына жақсы дайындық керек екенін жеткізді.
«Гарвард университетінде оқу бір жағынан қиын. Мен өзім сонда оқығанмын. Бірақ олар саған бірнеше бағыт береді. Солардың арасынан келешек мамандығыңды таңдауға болады. Мамандық жағын жақсылап ойластыру керек» деп министр Айшолпанға кеңес берді.
Сондай-ақ Сағадиев Айшолпанға Қазақстанның да кез келген оқу орнына түсуге көмектесетінін қадап айтты. Сондай-ақ Айшолпан мен анасына сый-сияпаттар тапсырды.
Атап өтсек, бұл 17 жастағы бүркітші қыздың Қазақстанға алғашқы сапары екен. Ол өз сөзінде Қазақстан, соның ішінде елордадан керемет әсер алғанын, Астана қаласы сәулетімен ерекше ұнағанын жеткізді.
Естеріңізде болса, 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал етті. Осыдан кейін режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді.