«Сатылай кешенді оқыту» технологиясын заманауи білім беру жүйесімен үйлестіре отырып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында өткен бұл семинарда тәжірибе алаңындағы сыныптардың пән мұғалімдері семинар тыңдаушыларына оқушылардың тілдік бірліктерді үш тілде талдау дағдыларын, сондай-ақ балалардың үш тілде ауызша ой толғау шеберліктерін көрсетіп, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен деңгейлік және жаңартылған оқу бағдарламаларының үйлесімділігін сабақ үрдісінде жүзеге асыру, поэзиялық шығармаларға сатылай кешенді талдау жасау арқылы оқушылардың бойында ұлтына, еліне, жеріне деген патриоттық сезім қалыптастыру, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен қазақ тілі негізінде орыс тілі және ағылшын тілдерін меңгертудің тиімділігін дәлелдеу, сыныптан тыс жұмыстар арқылы оқушылардың сөйлеу мәдениетін, танымдық қабілетін, функционалдық сауаттылығын арттыру жолдарын ұсынып, эксперименттік алаңдағы іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарға Астана қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының директоры Ибраева Гульнара Кульмухамедовна, Астана қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Амиргалиева Дайра Кайнемовна, Астана қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Құрманалиева Гульзира Сериковна, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президенті, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы - Оразахынова Нұрша Алжамбайқызы, сондай-ақ қаладағы 1 колледж, 25 мектеп, 2 балабақша педагогтері қатысты.
Педагогтерге, оқушылар мен ата-аналарға мәдени-рухани жағынан да, тәлім-тәрбиелік жағынан да тағылымы мол, құндылығы зор семинар іс-шаралары ерекше ұнап, мектептегі ұжымдық жұмыстың, мұғалімдердің шығармашылық ізденістерінің жемісін көрсетті.