Үкімет отырысында сөз алған білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова ойын осылай түйіндеді. Өздеріңіз білесіздер, Нұр Отан партиясының XVIII съезінде елбасы білім саласында қазіргі жүргізіліп жатқан шаралардың мағыналы аяқталуын тапсырған болатын. Біз бұл материалда министрліктің алға қойған мақсаттары туралы әңгімелейміз.
ПЕДАГОГ КАДРЛАРДЫҢ КӘСІБИЛІГІ
Ең алдымен министрлік мұғалімдер мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыруды жалғастырады. Бұл шаруа елбасы мен үкіметтің тапсырмасы бойынша 2012 жылдан бастап біртіндеп енгізіледі. Биыл психологтар мен сынып жетекшілерінің біліктілігін көтеру тұңғыш рет ұйымдастырылмақ. Қазір мектептерде 7 мың психолог бар. Болашақта 143 мың маман арнайы курста оқып, білім жетілдіреді.
ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ
Сонымен қатар, оқу бағдарламаларын жаңарту және оны заманауи талаптарға сәйкестендіру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. «Біз озімізде қалыптасқан классикалық дүниелерді сақтай отырып, жаңа дүниені де мектепке әкелуіміз керек. Қазір Stream, steam оқу дейді. Осылардың бәрін енгізуіміз керек», — деді Күләш Ноғатайқызы.
Балаларға дайын ақпарат алу қиын емес қазіргі кезде бұл бағытта білім беру артық. Бала оқу процесіне ден қоюы керек. Яғни, мұғалім тапсырма мен жауаптар нұсқасын дайындаса — бала тапсырманы орындап, сұраққа жауап бере отырып жаңа сабақты түсініп, сапалы білім алады. Әрине, бұл жерде мұғалімнің дайындығы жоғары болуы керек. Сондықтан да қазір министрлік ұстаз білімі мен біліктілігін көтеруді басты мақсат етіп отыр.
Сондай-ақ жоғары және техникалық, кәсіби білім беру орындарындағы оқу бағдарламалары нарық талаптарына сай келіп, қоғамға қажетті мамандарды дайындап шығуы керек.
«Бұл жағдайда жаңа дүние туралы айтып отырған жоқпын. Қай заманда болмасын білім бағдарламары өзектендіріліп отырады», — деді министр.
ЖАЛАҚЫ
Ең алдымен, білім беру саласындағы төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы диференциалдау тәсілімен 30%-ға көтеріледі. Атап айтқанда: еден жуушы, электрик, күзетшілер. Бұл тізімге педагог қызметкерлердің тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, психолог, әлеуметтік педагог секілді бірқатар санаттары да кіреді. Педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру 2010 жылдан бері тұрақты түрде, біртіндеп жүргізіліп келеді. Соңғы рет жалақы 2018 жылы, мұғалімдердің біліктілік аттестациясы нәтижесінде көтерілді. Ол кезде алған санатына байланысты 30-50% аралығында артқан еді.
«Министрлік әріптестікке қарсы емес. Біз барлық сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз. Сіз бен біздің көздегеніміз бір. Ол — балаларымыздың бақытты болуы және жақсы білім алуы», — деп сөзін аяқтады Күләш Ноғатайқызы.