Бүгін елордада көктем мерекесі Наурыз мейрамына арналған халықтық серуендер басталды.
Бүгін елордада көктем мерекесі Наурыз мейрамына арналған халықтық серуендер басталды. Алғашқы шаралар Железнодорожный, Интернациональный тұрғын алаптарында өткізілді, деп хабарлайды Астана қаласының ресми сайты. Танымал қазақстандық артістер жиналған қауымның назарына концерттік бағдарлама ұсынды. Клара Төленбаева, Досымжан Таңатаров, Асқар Жайлаубаев сынды отандық эстрада жұлдыздары, «Дабыл», «Сарыарқа», «Дәуір», «Ретро», «Бум» топтары, «Аламан» және «Z» триолары, «Диарт» және «Бастау» ұжымдары, «Art Music» квартеті танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының әндерін орындады. Бұдан басқа, халықаралық фестивальдердің жеңімпаздары, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері Перизат Тұрарова, Жанаргүл Рахатқызы, Жақсыкелді Маясаров, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Президенттік оркестрдің солисті Айзат Қарабекова, домбырашы Құрманғазы Байтасов, әнші Мәдина Ахметова, сондай-ақ Олжас Сәбижан, Әйгерім Хасанова, Әсем Омарова, Айдана Смаханова және Бауыржан Нұрымбетов те келушілерге керемет көңіл-күй сыйлады. «Іңкәрім» хореографиялық ұжымының дарынды артистері «Шашу», «Көктем» билерін биледі. «Шалдар күресі» мен флешмобтар көпшілікті тәнті етті, үлкен-кішінің бәрі қосылып «Қара жорға» биін биледі. Жиналғандар үшін арқан тарту, гір көтеру және армрестлингтен жарыстар ұйымдастырылды. Кейбірі тоғызқұмалақ ұлттық зияткерлік ойынын ойнап, түрлі ұлттық салт-дәстүрлерді тамашалады.