2019 жылғы 30 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласы, Көктал 2 кенті, Құсмұрын 2 көшесінде орналасқан № 68 мектеп-гимназиясында 1 қазан – халықаралық қарттар күніне орайластырылған «Ақылдың арнасы кең дариясы – Елімнің құт-береке қариясы» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Шара басталмас бұрын Көктал 2 кентінің қарт ата-әжелері мектептің «Алаш жолы» субъективті музейімен танысып, мектеп оқушылары дайындаған шағын көріністерді тамашалады. Одан соң, іс-шара мектеп АКТ залында оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шежіреге толы қарияларымызға көңіл-күй сыйлап, қуанту үшін мектеп оқушылары өз өнерлерін сахна төрінде көрсетті. Кеште бастауыш сынып оқушылары эстрадалық әндерді шырқаса, жоғарғы буын оқушылары ұлттық аспаптар домбыра мен жетігенде дәстүрлі әндерді орындап, гитарамен де өнер көрсете білді. Мектебіміздің «Тұмар» би ансамблінің орындауындағы «Қазақ» биі сахна көркін арттыра түсті. Кеш соңында мектеп директоры К. Баяхметбаева еліміздің қанат жайып, өркендеуіне, ұрпақтарының жарқын келешегіне тілекші қарияларымыздың арамызда алаңсыз, аман-сау жүруі маңызды екендігін атап өтіп, асыл қарттарымызды меркелерімен құттықтады. Сондай-ақ, мектептің қоғамдық өміріне, даму бағытына қолдау көрсетіп, бала тәрбиесіне белсене араласып жүрген бірқатар ата-әжелерге мектеп ұжымы атынан ризашылық білдіріп, алғыс хаттарымен марапаттады. Өз кезегінде мектеп өміріне белсене араласып жүрген атамыз Жеңіс Темешбайұлы мектеп ұжымы мен оқушыларын қариялар атынан алғыстарын білдіріп, батасын берді.