
Оқитын ұлт – балалық шақтан басталады
Бүгін «Ерте жастан кітап оқыту әдістемесі» атты республикалық семинар өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері, тәрбиешілері мен әдіскерлері, сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімдері қатысты. Облысымыздың атынан 5 делегат қатысты.
Қатысушылардың басты назарында баланың кітаппен ерте жастан танысуы және оқуға деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыру мәселелері болды:
* балалар кітапханасының баланы дамытудағы рөлі;
* қазақ тіліндегі балалар әдебиетін дамыту;
* сторителлинг әдісін және заманауи оқу-әдістемелік құралдарды қолдану;
* функционалдық оқу дағдыларын қалыптастыру.
Педагогтер практикалық тәжірибелерімен белсенді бөлісіп, тиімді тәсілдерді талқылады. Сонымен қатар дәстүрлі әдістемелерді заманауи білім беру технологияларымен үйлесімді ұштастыруға ерекше назар аударылды.
Кездесудің өзектілігі ерте жастан бастап оқырмандық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығымен байланысты. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы № 1279 «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы оқу мәдениетін дамыту мен оқитын ұлтты қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындайды.
Семинар оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру міндеттерін іске асыруға қосылған практикалық үлес болды. Педагогтер, кітапханашылар мен ата-аналардың күш-жігерін біріктіре отырып, біз кітапқа, ана тіліне және саналы оқуға деген сүйіспеншілік өмірдің алғашқы жылдарынан бастап қалыптасатын бірыңғай дамытушы орта құрып келеміз.